Саясат Нұрбек: Қазақстан Horizon Europe бағдарламасына қосылуды жоспарлап отыр

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның Horizon Europe еуропалық зерттеулер мен инновациялар бағдарламасына қауымдасқан ел мәртебесінде қосылу ниеті туралы мәлімдеді. Бұл мәселе Еуропалық одақ, Еуропаның жетекші университеттері мен ғылыми ұйымдарының өкілдерімен кездесулер барысында талқыланды.

Horizon Europe бағдарламасына қосылу қазақстандық университеттер, ғылыми-зерттеу институттары мен зерттеу орталықтары үшін халықаралық гранттарға, озық ғылыми жобаларға және еуропалық серіктестермен кең ауқымды ынтымақтастыққа жол ашады.

«Ғылымды, инновацияларды және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды бөлігі болып табылады. Бағдарламаға қатысу отандық ғылымның әлемдік зерттеу кеңістігіне интеграциялануын күшейтуге және қазақстандық ғалымдар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге жағдай жасайды», — деді Саясат Нұрбек.