“Qazaq Reading Hub” оқырман клубының ашылуы

Бүгін 2026 жылғы 04 маусымда Республикалық ғылыми-техникалық кітапхана КЕАҚ-да «Qazaq Reading Hub» оқырмандар клубының ресми ашылу кеші және клубтың «Абай мұрасы- халық мұрағаты» тақырыбында әдеби кеші өтті.
«Qazaq Reading Hub» оқырмандар клубы – кітап оқу мәдениетін дамытуға, әдебиетті насихаттауға, сондай-ақ оқырмандар арасында зияткерлік және рухани ортаны қалыптастыруға бағытталған алаң.
Клубтың мақсаты – оқырмандардың әдеби шығармаларға деген қызығушылығын арттыру, жүйелі кітап оқу дағдысын қалыптастыру, оқылған туындыларды талдау арқылы сыни ойлау қабілетін дамыту және әдебиет арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Іс-шараның мақсаты – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрбір Қазақстандық азаматқа оқуға кеңес берген шығармаларды ортаға салып талқылау, мән-мағынасын ашу, құндылығына баға беріп насихаттау.
Клубтың алғашқы кешіне қазақтың көрнекті жазушысы, драматург және ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі (1946), еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» 4-томдық романы ұсынылды.
Әдеби кеш барысында «Абай жолы» романының жазылу тарихы, мазмұнының құндылығына тоқталып, автордың бұл романды жазу жолы турасында тың деректер келтірілді.
Кеш қонақтары:

  • Нұрдәулет АҚЫШ – М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы.
  • Нұр МАҒАЗБЕКОВ – М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылымды насихаттау бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының магистрі.
  • Балнұр ҚАДЫРБЕКОВА – Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана жетекшісі.