Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым, ғылымды қажет ететін аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Қабылданған өзгерістер отандық ғылымды одан әрі дамытуға және ғылыми-технологиялық даму саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған.
Заңның негізгі нәтижесі — Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының еліміздегі бірден-бір жоғары ғылыми ұйым ретіндегі мәртебесін заңнамалық түрде бекіту болды. Сондай-ақ оның мемлекеттік ғылыми саясатты қалыптастыруға және сараптамалық сүйемелдеуге қатысатын ғылыми-технологиялық дамудың орталық институты ретіндегі рөлі айқындалды.
Заңда Академияның институционалдық дербестігін нығайту, Қамқоршылық кеңесін құру, алқалы басқару органдарының өкілеттіктерін кеңейту, Ғылым бойынша ұлттық баяндаманы дайындау және жыл сайын басып шығару бойынша шаралар көзделген.
Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тәуелсіз механизміне айналатын Ғылым бойынша Омбудсмен институтын енгізудің маңызы зор.
Заңның қабылдануы отандық ғылымды дамытудың жаңа кезеңін ашады және елдің ғылыми әлеуетін нығайту, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру және олардың нәтижелерін Қазақстан Республикасының экономикасына енгізу үшін қосымша жағдайлар жасайды.