


Бүгінгі таңда ғылыми-техникалық кітапхана — бұл жай ғана кітап сақтайтын орын емес, ғылыми коммуникацияның, зерттеулерді қолдаудың және заманауи білімге қол жеткізудің толыққанды орталығы. Бұл, әсіресе, технологиялардың, нормативтік база мен материалдардың дамуы өте жылдам жүріп жатқан Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Сәулет және құрылыс институтының «Құрылыс және құрылыс материалдары» кафедраларының ғалымдары, оқытушылары мен зерттеушілері үшін аса маңызды.
«Құрылыс және құрылыс материалдары» кафедрасының ғалымдары — т.ғ.д., профессор С.Б. Шаяхметов және т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Е.Е. Үсіпбековпен болған сұхбат барысында ғылыми-техникалық кітапханаға барудың қажеттілігі, қазіргі таңдағы мәселелер мен оларды шешудің ықтимал жолдары талқыланды.
Оқытушылар мен зерттеушілердің пікірінше, кітапхана сенімді ғылыми ақпараттың ең маңызды көзі болып қала береді. Құрылыс саласындағы жұмыс жаңа стандарттарды, нормативтік құжаттарды, ғылыми мақалаларды, диссертацияларды, шетелдік тәжірибе мен инновациялық құрылыс технологияларын тұрақты түрде зерттеп отыруды талап етеді. Мамандандырылған деректер базасына, ғылыми журналдар мен талдамалық материалдарға қол жеткізу ғалымдарға зерттеулер мен білім беру процесінің жоғары деңгейін сақтауға көмектеседі.
Ақпаратты жүйелі түрде іздеу мүмкіндігі ерекше құндылыққа ие. Ғалымдар атап өткендей, ашық интернет кеңістігінен сапалы әрі тексерілген материалдарды әрдайым табу мүмкін емес, ал ғылыми-техникалық кітапхана ғылыми мақалаларды, диссертациялар мен жобалық зерттеулерді дайындауға қажетті рецензияланатын жарияланымдарға, бейіндік басылымдар мен архивтік материалдарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, өзекті мәселелер де ортаға салынды. Олардың қатарында — жас зерттеушілердің кітапхана мүмкіндіктері туралы ақпараттандырылуының жеткіліксіздігі, кейбір халықаралық ресурстарға қолжетімділіктің шектеулі болуы, оқытушылардың кітапханаға өздері баруына уақыттың тапшылығы, сондай-ақ кітапханалық қызметтерді одан әрі цифрландыру қажеттілігі бар.
Сұхбатқа қатысушылар бүгінгі таңда мынадай қызметтерге сұраныс жоғары екенін баса айтты:
— ғылыми деректер базасына қашықтан қол жеткізу;
— электрондық каталогтар мен толық мәтінді ресурстар;
— ғылыми ақпаратты іздеу бойынша кеңес беру;
— жарияланымға арналған журналдарды таңдауға көмектесу;
— ғылыми платформалармен және ғылымиметрикалық жүйелермен жұмыс істеу дағдыларын үйрету.
Мәселелерді шешу жолдары ретінде кітапхананың цифрлық сервистерін белсенді дамыту, халықаралық ғылыми базаларға жазылуды кеңейту, кафедралармен бірлескен семинарлар, жас ғалымдар мен студенттерге арналған оқыту воркшоптарын өткізу, сондай-ақ ғылыми жобаларды ақпараттық сүйемелдеуді күшейту ұсынылады.
Сұхбатқа қатысушылардың пайымдауынша, кітапхана мен кафедралар арасындағы тиімді өзара іс-қимыл ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға, академиялық мәдениетті дамытуға және отандық ғылымның халықаралық ғылыми кеңістікке кірігуіне ықпал етеді.
Бүгінде ғылыми-техникалық кітапхана ғалымның маңызды серіктесіне айналып отыр — ол тек ақпарат іздеуде ғана емес, сонымен бірге зерттеу идеясынан бастап нәтижелерді жариялауға дейінгі бүкіл ғылыми процесті сүйемелдеуде де үлкен рөл атқарады.