”Республикалық ғылыми-техникалық кітапхана» КеАҚ-ның 2026–2027 жылдарға арналған халықаралық ынтымақтастығын ұйымдастыру» жобасын іске асыру аясында халықаралық кәсіби өзара іс-қимылды дамытуға, озық шетелдік тәжірибені зерделеуге және қызметкерлердің ғылыми-техникалық ақпарат пен зияткерлік меншік саласындағы біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылуда.
Бұл жұмыстың маңызды бағыты – Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелердің халықаралық федерациясымен (ИФЛА / IFLA) өзара іс-қимыл. ИФЛА Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ / WIPO) жанында аккредиттелген бақылаушы мәртебесіне ие. Бұл мәртебе кітапханалық қоғамдастыққа зияткерлік меншік мәселелерін халықаралық деңгейде талқылауға қатысуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Соның ішінде кітапханалар мен пайдаланушылардың мүдделерін ескере отырып, тиісті тетіктерді жетілдіруге бағытталған бастамалар мен ұсыныстарды ілгерілетуге жол ашылады.
Осы саладағы кәсіби құзыреттерді дамыту мақсатында ДЗМҰ білім беру платформасынан зияткерлік меншік жөніндегі мамандандырылған оқу курсы таңдалды. Курсты аяқтағаннан кейін сертификат беріледі. «РҒТК» КеАҚ филиалдары мен Патенттік-ақпараттық орталықтың қызметкерлері ДЗМҰ-ның аталған курсынан сәтті өтіп, тиісті сертификаттар алды.
Алынған білім мен құзыреттер патенттік-ақпараттық қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар олар зияткерлік меншікті қорғаудың халықаралық тетіктерін тереңірек түсінуге және «РҒТК» КеАҚ-ның осы саладағы халықаралық кәсіби бастамалар мен жобаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектеседі.
Бұл курстан өту – кітапхананың кадрлық әлеуетін дамыту және оның зияткерлік меншік саласындағы сараптамалық құзыретін нығайту жолындағы практикалық қадам.
ДЗМҰ білім беру платформасы:
https://welc.wipo.int/lms/course/view.php?id=12369
