Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында медицина саласындағы өнертабыстарды патенттеу бойынша семинар өтті

2026 жылғы 16 қазанда РҒТК Патенттік-ақпараттық орталығы «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ-да Қазақстан Республикасында медицина саласындағы өнертабыстарды патенттеуге арналған көшпелі семинар өткізді.

Іс-шара барысында патенттік құжаттамамен жұмыс жөніндегі меңгеруші Азанова Татьяна Апушевна қатысушыларды өнертабыстар мен пайдалы модельдерді патенттеудің негізгі аспектілерімен, ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін құқықтық қорғау ерекшеліктерімен және патенттік өтінімдерді ресімдеу тәртібімен таныстырды.

Өнертабыстардың патентке қабілеттілік шарттарына — жаңалыққа, өнертабыстық деңгейге және өнеркәсіпте қолдануға жарамдылыққа ерекше назар аударылды. Қатысушылар өнертабыстың басымдығын анықтау, патенттің қолданылу мерзімі, авторлықты белгілеу және патент иесінің айрықша құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін қарастырды.

Семинар аясында өнертабыстарға берілген өтінімдерге сараптама жүргізу кезеңдері, оның ішінде формальды сараптама мен мәні бойынша сараптама, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық зияткерлік меншік институтымен (Қазпатент) іс жүргізу ерекшеліктері қарастырылды.

Іс-шараның практикалық бөлімі өнертабысқа берілетін өтінімнің құрамына, өнертабыс формуласы мен сипаттамасына қойылатын талаптарға, реферат пен қажетті құжаттаманы дайындауға арналды. Нақты мысалдар негізінде өнертабыстардың формулалары мен сипаттамаларын құрастыру тәсілдері, сондай-ақ пайдалы модельдерді патенттеу ерекшеліктері қарастырылды.

Семинардың жеке бөлімі Еуразиялық патенттік жүйеге, өнертабысқа Еуразиялық патент алу шарттарына, өтінім материалдарына қойылатын талаптарға және патенттік рәсімдерге ақы төлеу мәселелеріне арналды.

Іс-шара соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, медицина саласындағы әзірлемелерді патенттеу мәселелері бойынша кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

Семинар өткізу ғылыми қызметкерлердің зияткерлік қызмет нәтижелерін құқықтық қорғау тетіктері туралы хабардарлығын арттыруға және медициналық әзірлемелерді қорғау мен енгізуге қажетті практикалық білімдерін кеңейтуге бағытталған.