19–20 мамыр аралығында елордада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық ғылыми жиын ұйымдастырылады. ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, форумға әлемнің 20-дан астам елінен (Еуропа, Азия, Солтүстік Америка және Таяу Шығыс) 350-ге жуық делегат қатысады. Олардың қатарында танымал ғалымдар, археологтар, түркітанушылар мен халықаралық ұйым өкілдері бар.
Симпозиум Алтын Орданың тарихи мұрасын және оның Орталық Еуразия өркениетіндегі рөлін зерделеуге арналған. Жиын барысында пленарлық мәжіліс пен 10 арнайы ғылыми секция жұмыс істейді. Қатысушылар дала өркениетінің саяси тарихын, археологиялық жаңалықтарды және мәдени бірегейлік мәселелерін талқылайды. Шараны ҚР Ғылым және жоғары білім, Сыртқы істер, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрліктері бірлесіп өткізеді.
