2026 жылғы 21–22 қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі Қазақстан тарихы» атты жеті томдық академиялық басылымның жұмыс нұсқасы талқыланды. Жиынды ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин өткізді.
Тарихқа қызығушылық танытып, осы бағытта түрлі жобаларды жүзеге асырып жүрген сарапшылар мен журналистер екі күн қатарынан академиялық еңбектің жобасымен танысты. Бірінші күні I–III томдар, екінші күні IV–VII томдар талданды. Қатысушылар өз ескертпелері мен ұсыныстарын том жетекшілеріне жеткізді.
Ерлан Қариннің айтуынша, ғалымдар мен тарихқа қызығатын азаматтардың мұндай форматта бас қосуы алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Басты мақсат — ұлттық тарих туралы жүйелі әрі нақты ақпаратты кең аудиторияға жеткізу. Еңбектің басты ерекшелігі — бұл нағыз ұжымдық жұмыс: барлық пікірталас пен келіспеушіліктер ашық түрде талқыланды.
Көптомдықты дайындау туралы бастаманы Мемлекет басшысы 2021 жылы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көтерген болатын. Жобаға 5 ғылыми-зерттеу институты мен 250-ден астам отандық ғалым тартылған.
Көптомдықты жетілдіру жұмыстары жалғасуда.




