🌍🇰🇿 ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ СУ ҚАУІПСІЗДІГІ ҚЫЗМЕТІНДЕ: РҒТК КӨЗҚАРАСЫ

Алматыда III Халықаралық жас ғалымдар конгресі аясында «AI For Science: Ғылыми жаңалықтардың жаңа дәуірі» атты форум өтті. Форумда Қазақстанда қуаңшылық пен су тасқынын болжау үшін жасанды интеллект қолданыла бастайтыны жарияланды.

🔬 2027 жылдан бастап су теңгерімін болжауға, құрғақшылық пен су тасқыны қаупін бағалауға арналған құралдарды сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Ұлттық ғылым академиясы AI for Science бағытын шетелдік серіктестермен бірге дамытып келеді. Қытай ғылым академиясы Автоматтандыру институтының есептеу қуатымен Science One Panshi платформасы пилоттық режимде іске қосылуда. Кореяның Ғылыми-техникалық ақпарат институтымен бірлесіп AI SilkNet орталығы құрылуда. Қытайлық серіктестермен бірге кеңістік пен уақыт деректерін талдауға арналған DeepBAS платформасы әзірленіп жатыр. Жобалар QazTech мемлекеттік платформасында тіркелді. Сонымен қатар Space Dance бастамасы дамытылуда: ол су ресурстарын, мұздықтарды, ауыл шаруашылығы алқаптарын және қоршаған ортаны спутник арқылы бақылауды көздейді.

Бұл – ғылым жетістіктерін табиғи қауіптердің алдын алуға, су ресурстарын тиімді басқаруға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыттаудың маңызды қадамы.

📖 Біздің көзқарасымызша, мұндай болжамдардың дәлдігі тек технологиялардың қуатына байланысты емес. Бастапқы деректердің сапасы мен сенімді ғылыми-техникалық ақпаратқа қолжетімділік те маңызды. Елдегі 28 мың ғалымның жартысына жуығы – жастар, жаңа құралдармен жұмыс істеу дәл соларға жүктеледі.