2026 жылғы 3 қарашада QS Quacquarelli Symonds халықаралық агенттігі Азияның үздік университеттерінің рейтингін — QS Asia University Rankings 2027-ні жариялады. Оған 26 ел мен аумақтан 1722 жоғары оқу орны енді.
Рейтингте Қазақстаннан 51 университет бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда жетеуге көп. QS деректері бойынша, бұл отандық жоғары білім тарихындағы абсолютті рекорд әрі Орталық Азияның қалған барлық елдерінің жиынтық көрсеткішінен де жоғары. Рейтингтегі ЖОО саны бойынша Қазақстан 26 ел мен аумақ арасында оныншы орында.
Қазақстан университеттері топ-100-ге енген өңірдегі жалғыз ел болып қала береді: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ — 46-орын, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ — 62-орын, Satbayev University — 89-орын.
Назарбаев Университеті 62 позицияға көтеріліп, 139-орынға ие болды және рейтингке қатысуының екінші жылында-ақ топ-200-ге енді. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті нәтижесін 64 позицияға жақсартты (618-орын).
Рейтингке алғаш рет Қазақстанның жеті жоғары оқу орны енді:
- Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті
- М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті
- М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті
- Astana IT University
- Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті
- Халықаралық білім беру корпорациясы
- Шымкент университеті
Рейтингке енген қазақстандық ЖОО елдің 19 қаласында орналасқан, олардың ең көбі Алматыда (17) және Астанада (7).
QS талдамалық материалдары қазақстандық университеттердің білім беру ортасы, академиялық ұтқырлық және интернационалдандыру көрсеткіштері бойынша сенімді нәтиже көрсететінін айғақтайды. Өсудің ең үлкен әлеуеті — ғылыми өнімділік: жарияланымдар саны және олардың дәйексөзделуі.
НАО «РНТБ» мен оның филиалдары зерттеушілерге осы бағытта қолдау көрсетеді: EBSCO, eLIBRARY.RU, «Лань» және басқа да ғылыми дерекқорларға қолжетімділік береді, патенттік іздеу жүргізеді, ғылыми мақалаларды ӘОЖ, ХПЖ және МҒТАР бойынша индекстейді, диссертацияларды табуға және тапсырыс беруге көмектеседі. Толығырақ — «Қызметтер» бөлімінде.
НАО «РНТБ» ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігін және рейтингке қатысушы университеттерді құттықтайды!
Толық нәтижелер: topuniversities.com/asia-university-rankings






